Вьетнам парламенттік делегациясы Қазақстанға келеді

Фото: Фото: ҚазАқпарат

Вьетнам парламенттік делегациясы Қазақстанның Сенат және Мәжіліс төрағаларымен кездеседі. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«2023 жылғы 25-28 қыркүйек аралығында Вьетнам Коммунистік Партиясы Орталық комитетінің мүшесі және ВСР Ұлттық жиналысы Төрағасының бірінші орынбасары Нгуен Кхак Динь басқаратын парламенттік делегация Қазақстанға келеді», - деді А. Смадияров апталық брифингіде.

Оның айтуынша, сапар барысында Вьетнам өкілдерінің ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев пен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағалимен екіжақты кездесулері жоспарланған.

Бұдан бөлек, 25-27 қыркүйекте Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитеті (БХӨЖ ТК) Сыртқы істер жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Хао Пиннің Қазақстанға сапары өтеді.

«Аталған сапар екі ел арасындағы парламентаралық өзара іс-қимылды одан әрі жандандыруға бағытталған. Сапар барысында ҚР Парламенті Мәжілісінде, Сыртқы істер министрлігінде, Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында және Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде кездесулер ұйымдастырылады», - деді ресми өкіл.