Вьетнамда «Буалой» тайфуны келтірген залал 303 млн долларға бағаланды

Фото: Азертадж

АСТАНА. KAZINFORM — Вьетнам үкіметі осы аптада ел аумағына соққан «Буалой» тайфунының салдарынан шамамен 8 триллион донг немесе 303 миллион АҚШ доллары көлемінде шығын келгенін мәлімдеді. Бұл туралы АЗЕРТАДЖ хабарлайды.

Алдын ала бағалауларға сәйкес, сәрсенбі күні жарияланған есепте шамамен 170 мың үйдің су астында қалғаны немесе бүлінгені көрсетілген.

Дүйсенбі күні «Буалой» тайфуны Вьетнамның орталық солтүстік бөлігіне соқты, ол алып теңіз толқындарын, қатты жел мен нөсер жауын алып келді. Кемінде 29 адам қаза тауып, тағы 22 адам із-түзсіз жоғалған. Бұл туралы табиғи апаттармен күрес агенттігінің есебінде хабарлаған, деп жазады Reuters агенттігі.

Тайфун жолдар мен мектептерге, кеңселерге айтарлықтай зиян келтіріп, электр желілерінің үзілуіне себеп болды. Ондаған мың отбасы жарықсыз қалды. Сонымен қатар, 34 мың гектарға жуық күріш пен басқа да ауыл шаруашылығы дақылдары жойылған.

Алайда есепте өнеркәсіптік нысандарға келтірілген ірі шығын туралы айтылмаған.

Тайфун Вьетнамның солтүстігінде су тасқындарын туындатып, ел астанасы Ханоймен әуе және теміржол қатынасын тоқтатты. Мектептер жабылып, көптеген үй су астында қалған.

Оңтүстік Қытай теңізіне қараған ұзын жағалау сызығы бар Вьетнам тайфундарға жиі ұшырайды. Олар адам өліміне жиі әкеліп жатады. Өткен жылы «Яги» тайфуны шамамен 300 адамның өмірін қиып, Вьетнамның солтүстігіне 3,3 миллиард доллар көлемінде шығын келтірген болатын.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Қытайдың оңтүстігіндегі табиғи апатқа байланысты 1,89 миллионнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді.