Вьетнамда су тасқыны салдарынан қаза тапқандар саны 55 адамға жетті

Фото: Синьхуа

АСТАНА. KAZINFORM — Вьетнамның орталық аймағында толассыз жауған нөсер мен су тасқыны салдарынан қаза тапқандар саны 55-ке жетті, тағы 13 адам хабар-ошарсыз жоғалғандар қатарында, деп хабарлайды Синьхуа.

Бұл туралы сенбі күні елдің Дамбаларды басқару және табиғи апаттардың алдын алу департаменті хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, су тасқыны шамамен 80 мың гектар күріш алқаптары мен өзге де ауыл шаруашылығы жерлерін су астында қалдырған. 3,2 миллионнан астам мал мен құс қырылып немесе тасқынмен ағып кеткен.

Хабарламада 28,4 мыңнан астам үй әлі де су астында тұрғаны, ал 946 үйдің зақымданғаны айтылған.

Табиғи апаттың экономикалық шығыны шамамен 9 триллион вьетнам донгына (шамамен 358 миллион АҚШ долларына) бағаланып отыр, деп мәлімдеді департамент.

Бұдан бұрын Вьетнамда нөсер жаңбыр мен су тасқынынан 40-тан астам адам қаза тапқаны белгілі болды.