Вьетнамдағы су тасқынынан келген шығын 300 миллион доллардан асты

Фото: Синьхуа

АСТАНА. KAZINFORM — Вьетнамда бірнеше күнге созылған нөсер жаңбырдың соңы су тасқыны мен көшкінге ұласып, кемінде 90 адам қаза тауып, тағы 12 адам хабар-ошарсыз кетті. Бұл туралы BBC хабарлады.

Вьетнам үкіметінің мәліметінше, ел бойынша 186 000 үй зақымданған және үш миллионнан астам мал қырылған.

Ресми тұлғалардың бағалауынша, келген шығын көлемі 300 миллион доллардан асқан.

AFP ақпарат агенттігінің деректеріне сүйенсек, тау бөктеріндегі Даклак провинциясы қатты зардап шеккен: 16 қарашадан бері ол жерде 60-тан астам өлім жағдайы тіркелген.

Су тасқындары соңғы айларда Вьетнамды жайлаған тағы бір төтенше ауа райы құбылысына айналды. Бұған дейін елге бірнеше апта аралығымен соққан «Калмаэги» және «Буалой» тайфундарынан кейін Вьетнам едәуір зардап шеккен болатын.

Шенеуніктердің айтуынша, жексенбі таңына дейін шамамен 258 мың адам электр қуатынсыз қалған, сондай-ақ негізгі автомагистральдардың және теміржол желілерінің кейбір учаскелері бұғатталған.

Ең көп зардап шеккен аймақтарға көмек көрсету үшін әскери және полиция күштері жұмылдырылды.

Үкіметтің мәлімдеуінше, ең ауыр салдар Вьетнамның оңтүстігінде орналасқан бес провинцияда — Куангнгай, Зялай, Даклак, Кханьхоа және Ламдонг өңірлерінде тіркелген.

Ал VietNam News Agency агенттігінің хабарлауынша, Вьетнам Премьер-министрінің орынбасары Хо Дык Фок 23 қараша күні 2025 жылға арналған орталық бюджетінің резерв қорынан төрт провинцияға – Кханьхоа, Ламдонг, Зялай және Даклак өңірлеріне – жуырдағы су тасқындарынан келген елеулі шығынның салдарын жою үшін 1,1 трлн донг (41,74 млн АҚШ доллары) көлемінде шұғыл көмек бөлу туралы шешімге қол қойды.

Фото: VNA

Айта кетейік, жоғарыда аталған апатқа байланысты Мемлекет басшысы Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Ламға көңіл айтты.

Жалпы, Вьетнамда топан су салдарынан қаза тапқандар саны 100-ге жуықтады.