Вьетнамдағы су тасқыны: Министрлік қазақстандықтарға үндеу жасады
АСТАНА. KAZINFORM — Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі, Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Айбек Смадияров Вьетнамдағы қазақстандықтар туралы тілшілер сұрағына жауап берді.
Вьетнамның кейбір провинцияларында жауын салдарынан су тасқыны орын алған еді.
— Онда демалып жатқан туристер санын «Туристік қамқор» туристік операторлар қауымдастығы арқылы анықтай аласыздар. Бірақ осы күнге дейін біздің елшілікке немесе дипломаттарымызға туристерден бірде-бір хабарлама түспеген. Осындай жағдайдың әрі қарай да жалғасатынына үміттенеміз. Бұл жаңбырлы маусым, табиғи жағдай екенін бәрі түсінеді. Сондықтан біз азаматтарымыздан абай болуды және жергілікті билік айтқан барлық ережені сақтауды сұраймыз, — деді Айбек Смадияров министрлікте өткен брифингте.
Еске сала кетсек, Вьетнамда бірнеше күнге созылған нөсер жаңбырдың соңы су тасқыны мен көшкінге ұласып, кемінде 90 адам қаза тауып, тағы 12 адам хабар-ошарсыз кетті.
Вьетнам үкіметінің мәліметінше, ел бойынша 186 000 үй зақымданған және үш миллионнан астам мал қырылған.
Ресми тұлғалардың бағалауынша, келген шығын көлемі 300 миллион доллардан асқан.
Апатқа байланысты Мемлекет басшысы Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Ламға көңіл айтты.