Вьетнамдық компанияның Qazaq Air-ді сатып алу рәсімі қашан аяқталады

АСТАНА. KAZINFORM – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма мүшесі Елжас Отыншиев вьетнамдық компанияның Qazaq Air-ді сатып алу рәсіміне қатысты түсінік берді.

Photo credit: facebook.com/QazaqAir

Оның айтуынша, қазір Qazaq Air үлесін сату бойынша мәміле шарттарын анықтау бойынша негізгі келіссөздер аяқталды. Биылғы 20 желтоқсанында өткен экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында негізгі шарттар бекітілді.

- Бұл ретте, жылдың соңына дейін «Самұрық-Қазына» қорының директорлар кеңесі мен Үкіметтің оң шешімін күтіп отырмыз. Вьетнамдық инвесторға екі талап қойылып отыр. Атап айтқанда, 2044 жылдың соңына дейін 38,4 млрд теңге қарыздың өтелуін, сондай-ақ бес жыл ішінде Boeing немесе Airbus шығарған 20 ұшақты сатып алуды қамтамасыз ету. Осы талаптарды орындау үшін вьетнамдық компания кепілдік беруге дайын, - деді Елжас Отыншиев Парламент Мәжілісінде көлік-логистикалық әлеуетті дамыту тақырыбына арналған Үкімет сағатында.

Биыл күзде «Самұрық-Қазына» АҚ даму және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Салтанат Сәтжан вьетнамдық компанияның Qazaq Air-ді сатып алу рәсімі қашан аяқталатынын нақтылады

Еске сала кетсек, былтыр Қазақстан Вьетнамның VietJet Air әуе компаниясымен меморандум жасаған еді