VI Астана экономикалық форумына Нобель сыйлығының 10 лауреаты қатысады

None
АСТАНА. 14 наурыз. ҚазАқпарат - Мамырда өтетін VI Астана экономикалық форумына Нобель сыйлығының 10 лауреаты қатысады. Бұл туралы бүгін Астанада аталған мәселеге байланысты баспасөз мәслихатында таратылған мәліметтерде белгілі болды.

Атап айтқанда, биылғы 22-24 мамыр аралығында БҰҰ-ның қолдауымен елордада VI АЭФ және Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы конференциясы ұйымдастырылады.

Айта кетейік, аталған дағдарысқа қарсы конференция Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен тұңғыш рет өткізіледі. Бұл өз кезегінде БҰҰ үшін әлемдік дағдарысты еңсеру тұрғысында жоспар жасауға негізделген. Белгілі болғанындай алғашқы Астана экономикалық форумына 40 мемлекеттен 4 тақырыптық панельдік сессияға 500 қатысушы келген болса, ал V АЭФ-қа 100 елден 8 мыңнан аса қатысушы Астанаға атбасын тіреген болатын.

Биылғы 6-шы Астана экономикалық форумына қатысу үшін шетелдіктерге 8 мыңнан аса шақыртулар жіберілді. Осы орайда қазіргі кезде 60 мемлекеттің мәртебелі тұлғалары, Нобель сыйлығының 10 лауреаты, 40-тан аса ірі іскерлік корпорацияларының басшылары, сонымен қатар 11 мемлекет және Үкімет басшылары, 15 министр мен орталық банктердің басқарушылары, халықаралық ұйымдардың басшылары қатысуға ниетті екендіктерін құптады.