VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қашан өтеді

Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстанда 2026 жылғы 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өтеді. Бұл туралы Kazinform-ның Қырғызстандағы арнаулы тілшісі хабарлады.

Ұйымдастыру комитетінің мәліметінше, ойындардың ашылу салтанаты 31 тамызда Бішкекте, ал жабылу рәсімі 6 қыркүйекте Ыстықкөл жағасында өтеді.

– Негізгі бағдарлама, ашылу рәсімінен басқа, түгелдей Ыстықкөлдің көркем жағалауында ұйымдастырылады. Бұл жерге 90-ға тарта елден спортшылар мен қонақтар жиналады, – делінген хабарламада.

Бұған дейін ДКО хатшылығының жетекшісі Нұрсұлтан Әденов «Бірінші радио» эфирінде VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық барысы туралы айтқан болатын.

Сондай-ақ алдағы ойындар бағдарламасына қазақтың көкпары енгізілмейтіні хабарланған еді.

Еске салайық, 2024 жылы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Астанада өтті.