VI Көшпенділер ойындарындағы медаль есебі: Қазақстан не дейді?

АСТАНА. KAZINFORM – VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қорытындысы бойынша Қазақстан 32 алтын, 20 күміс және 22 қола медаль алғанын хабарлады. Алайда Қырғызстан тарапы ойындарда ресми медальдық және жалпыкомандалық есеп жүргізілмегенін мәлімдеді. Қазақстанның медаль есебі қалай жасалды? Бұл мәселеге ҚР Туризм және спорт министрлігінің ресми өкілі Мейрамғазы Сапарғалиев Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында жауап берді.

Фото: Kazinform

Еске сала кетейік, Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қорытындысында мемлекеттер арасында жалпы медаль рейтингі жасалмайтынын мәлімдеді

Фото: Видеодан алынған скрин

Бұған дейін World Nomad Games 2026 ойындарының ресми Instagram парақшасында Қырғызстан 30 алтынмен бірінші, Қазақстан 20 алтынмен екінші көрсетілген медаль есебі жарияланған болатын. Алайда кейін бұл жазба әлеуметтік желіден өшірілді.

Мейрамғазы Сапарғалиевтің айтуынша, Көшпенділер ойындарының басты мақсаты – елдерді медаль үшін жарыстыру емес, этноспортты дамыту және халықтар арасындағы мәдени байланысты нығайту.

– Дүниежүзілік көшпенділер ойыны көшпенділердің рухын сезіндіретін, дәстүрі мен мәдениетін ұштастыратын үлкен алаңға айналды. Мұнда тек түркітілдес халықтар ғана емес, мұхит асып келген көптеген спортшы қатысты. Олардың елдерінде де көшпенділер дәуірінен сақталған мұралар бар. Олар өз дәстүрлерін біздің ойындармен ұштастырып, ортақ байланыстарды сезіну бағытында қатысып жатыр, – деді ол.

 

Фото: Видеодан алынған скрин

Оның айтуынша, Көшпенділер ойындарының географиясы да жыл санап кеңейіп келеді. Биылғы додаға 113 елден 3 мыңға жуық спортшы қатысты.

Министрлік өкілі медаль есебіне қатысты Қазақстанның деректері қалай қалыптасқанын да түсіндірді. Оның айтуынша, Қазақстан құрамасының қоржынында 32 алтын медаль бар және олардың барлығы жарыстардың қорытындысы бойынша тіркеліп, марапаттау рәсімінен өткен.

– Достық жеңді десек болады. Бауырлас ел болғаннан кейін әрқайсысының өз орны бар, әр медальдің өзіндік мәні бар. Бірақ біздің нақты есебіміз бойынша 32 алтынның бары белгілі болды. Оның барлығын әлеуметтік желілерде, министрліктің ресми сайтында жариялап, насихаттадық. Сондықтан 32 алтынның бары анық. Оның ішінде бір ғана алтын – топ бәйгедегі жүлде – есепке алынған жоқ. Себебі ол қойылымдық жарыс болды. Ал медальдық есепке кіретін 32 алтын толық нақтыланды, – деді Мейрамғазы Сапарғалиев.

Фото: Видеодан алынған скрин

Ол Қазақстан спортшыларының жүлделері ресми марапаттау рәсімдері арқылы бекітілгенін атап өтті.

– 32 алтынның барлығы тұғырда марапатталды, спортшылардың мойнына алтын медаль тағылды. Кейін қырғыз тарапы «бұл достық ойыны болсын, бір-бірімізбен алтын үшін жарыспайық, достықпен сыйласайық» деген ілтипат білдірді. Біз де мұны екі ел арасындағы, спортшылар арасындағы татулық пен береке-бірлікті арттыруға бағытталған үлкен игі шара деп бағаладық, – деді министрлік өкілі.

Оның пікірінше, Қазақстан құрамасы Көшпенділер ойындарына қойған негізгі мақсатына жетті. Ел намысын қорғаған шамамен 170 спортшының жартысына жуығы жүлдемен оралған.

Фото: Видеодан алынған скрин