Бұл туралы ол бүгін Астанада «Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауы аясында сот және құқық қорғау жүйелерін жаңғырту» атты тақырыпта өткен ғылыми-тәжірибелік конференция барысында айтты.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда, Мемлекет басшысының құқық қорғау органдары мен сот саласын жаңғырту жөніндегі міндеттерін осы Жолдауда көрсетілген құқық қорғау органы қызметкерлерін аттестациядан өткізу шарасы арқылы жүзеге асыруға да болады.
«Жалпы бұл бағыттағы жұмыстарды мемлекеттік органдар жүзеге асыруда. Нақтырақ айтқанда, қазір құқық қорғау органы қызметкерлерін аттестациялауға қатысты жұмыстар тиісті заңа жобасынан көрініс тауып, құжат Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр. Ал аралық және төрелік соттарға келетін болсақ, бұл мәселе бойынша да тиісті заң жобасы дайындалып, ол құзырлы мемлекетік орган өкілдерімен келісілуде»,-деді министрдің орынбасары.
Оның сөзінше, құқық қорғау және сот жүйелерін реформалау жұмыстары құқықтық рәсімдеу тұрғысынан да жаңаруы керек. Осы бағытта өткен жылдан бері жаңа Қылмыстық-процессуалдық кодексі, Қылмыстық кодексі және жаңа Қылмыстық-атқару кодексін дайындау жұмыстары жүріп жатыр.
«Бұл мәселе бойынша арнайы жұмыс тобы құрылып, тиімді жұмыс істеуде. Олар халықаралық құқық тәжірибесін де негізге алып отыр жұмыс жүргізуде. Ал бүгінгі конференцияда айтылатын ұсыныс, пікірлердің барлығы тиісті заң жобаларын дайындау барысында ескерілетін болады»,-деді З.Баймолдина.