Вице-министр қызметінен неге шеттетілді?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресей спорт министрінің орынбасары Юрий Нагорных қызметінен уақытша шеттетілді. Ел үкіметінің төрағасы осындай шешім қабылдаған.

Ресейлік агенттіктердің ақпараттарына қарағанда, Ю.Нагорных спорт құрама командаларын медицина-биологиялық, медицина-санитарлық және медициналық жағынан қамтамасыз етуге жауапты болған. Бұдан екі күн бұрын Ресей президенті В.Путин Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (BADA) комиссиясында айтылған жалған допинг сынамасын жасатты деген лауазым иесі тергеу толық аяқталғанша қызметінен уақытша шеттетілгенін мәлімдеген еді. В.Путин антидопинг агенттігі таққан айыпты теріске шығармады. Бірақ, айыпты «спортты геосаяси қысым құралы ету әрекеті» ретінде бағалады. Өткен дүйсенбіде WADA өзінің есебін жариялап, Ресейдің допингке қарсы зертханасы спортшылардың тыйым салынған препараттарды қолданғаны туралы сынамасын әдейі жасырды деген. Осылайша, агенттік ресейлік спортшыларды барлық халықаралық жарыстарға қатысудан шеттетуге шақырып отыр.