Астана қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, елорданың Алматы аудандық № 2 соты 2018 жылдың 1 маусымында Бақытжан Жақсалиевке қатысты 2018 жылдың 1 тамызына дейін үйқамақта ұстау туралы санкция шығарды.
Вице-министр «Аймақ и К» ЖШС мердігерлік ұйымының мүддесіне қызметтік бабын асыра пайдаланды деген күдікке ілінді. Бақытжан Жақсалиевтің үйқамаққа алынғаны туралы 4 маусым күні Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлаған болатын.
Ұлттық бюро бұған дейін: «Жақсалиев атқарылған жұмыс көлемінің 30 есе артық көрсетілгенін біле тұра, жалпы құны 863 млн теңгені құрайтын 109 мың текше метр лайдың шығарылғаны туралы актіге қол қойған, кейін бұл сома мердігерге аударылған», - деп хабарланған болатын.
Кейінірек аталған оқиғаға байланысты Энергетика министрі Қанат Бозымбаев: «Өте өкінішті. Бір түсініспеушілік болған шығар деген үмітім бар. Себебі, біздің ұжым, Энергетика министрлігі, Бақытжан Мұхамбетқалиұлын білікті және кәсіби энергетик, әріптес деп білеміз. Және бұл істің тергеу жұмыстары министрлік жұмысына, ондағы міндеттемелерімізді атқаруға кері әсерін тигізбейді деген үміттемін», - деп өз пікірін білдірген.
Одан бұрын ұсталған тағы бір вице-министр Ғани Сәдібеков 1 шілдеге дейін үйқамақта болады. Ол "Аймақ" ЖШС мердігерлік ұйымының басшысы Д.Дуанбекпен біріге отырып, Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы көлді тазалауға бөлінген аса ірі көлемдегі бюджеттік қаражатты жымқырды деген күдікпен ұсталған.
Дәулет Ізтілеу