Вице-премьер наркологиялық диспансерлерде емделуші адамдарды ұстап тұру ережесін қайта қарауды ұсынды

АСТАНА. Қыркүйектің 14-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Серік Ахметов еліміздегі наркологиялық диспансерлерде емделуші адамдарды ол жерлерде ұстап тұру ережесін қайта қарауды ұсынды,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз кеше Денсаулық сақтау министрлігіне арнайы мекемелерде адамдарды ұстап тұру  ережесіне қатысты тапсырма бердік. Адамдарды арнайы мекемелерде ұстаудың ережесі бар. Ондағылардың (Талдықорғандағы наркодиспансердегілердің -ред) 80 пайызы ол жерде соттың шешімі бойынша отырғандар. Сондықтан терезелер торланады және олардың түнде қашып кетпеуі үшін есіктер жабылып тасталады. Осы ережені қайта қарастыру қажет», деді отырыста С. Ахметов.

Вице-премьер арнайы мекемелерде ем қабылдап жатқан адамдар ол жерден қашқылары келсе, күндізгі серуен кезінде сытылып шыға  алатындарын атап көрсетті. «Мүмкін жаңағыдай диспансерлердің терезелерін торламау керек шығар. Олар қаланың ортасында орналасқан, қоршалған, аумағы күзетіледі. Осы ережені қайта қарастыру қажет», деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, қыркүйектің 13-інде Талдықорған қаласындағы облыстық наркологиялық диспансерде болған өрт кезінде 37 адам қаза тапқан болатын.