VII Астана экономикалық форумына 100-ден астам елдің 130 министрі қатысуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы Тәуелсіздік сарайында VII Астана экономикалық форумы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

АЭФ - әлемдегі ең беделді әрі ірі форумдардың бірі. 2008 жылдан бері АЭФ-та жыл сайын жаһандық көшбасшылар, сарапшылар мен бизнес-қауымдастық өкілдерінің басын қосып, қазіргі заманның негізгі экономикалық және әлеуметтік мәселелері талқыланады. Биыл бұл шараға 10 мыңнан астам адам қатысуда.

"Ғалымдардың еуразиялық экономикалық клубы" қауымдастығының президенті Мұрат Қарымсақовтың айтуынша, биылғы форумға 9 Нобель сыйлығының иегері қатысуда. «Лауреаттардың қатысуы дәстүре айналған. Бұл форумның зияткерлік, ғылыми сипаты басым екенін тағы бір дәлелдейді. Бүгінде ол әлемдік дәрежедегі ғалымдардың басын қосатын бірден бір шара болып отыр" , - дейді ол. Оның мәліметінше, биылғы форумға 100 ден астам елдің қаржы экономикалық блогынан 130 министр келді. Сондай-ақ, Малайзияның премьер-министрі, Ливия, Грузия, Польша, Португалия сияқты елдердің премьер-министрлерінің орынбасарлары ат басын тіреді.

Форум аясында 70-тен астам іс шара өтеді деп жоспарланған.