VII Халықаралық Жәутіков олимпиадасының Бас жүлдесін Мәскеу мемлекеттік университетінің Арнайы ғылыми-оқу орталығының командасы жеңіп алды

АТЫ. 19 қаңтар. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда «Дарын» Республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы мен О.Жәутіков атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-математика орта мектеп-интернатының біріккен жобасы математика, физика және информатикадан дәстүрлі VII Халықаралық Жәутіков олимпиадасы өз мәресіне жетті.

Өткен сенбі күні басталған олимпиаданың жеңімпаздары анықталып, жабылу рәсімінде олар салтанатты түрде марапатталды.

Олимпиадаға әлемнің 14 елінен 46 команда, 296 үміткер қатысқан болатын. Олардың білімін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов пен ҚР ҰҒА академигі Асқар Жұмаділдаев бастаған әділқазылар таразылады.

Салтанатты рәсімде аталмыш шараның ұйымдастырушылары сөз сөйлеп, жеңімпаздарды құттықтады. "Дәстүрлі VII Халықаралық Жәутіков олимпиадасы өз мәресіне жетті. Білім сайысында "жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар" шыққан дарындарды шын жүректен құттықтаймыз",-деді «Дарын» РҒПО директоры Ділдаш Битуова. Ол құттықтау сөзінде Білім министрлігі балалардың білімдерін шыңдайтын іс-шараларға, олимпиадалар мен әр түрлі ғылыми жарыстарды ұйымдастыруға қолдау білдірумен қатар, оның санын арттырып, үлкен назар аударып келеді деп атап өтті.

Ділдаш Битуова сонымен қатар, Өмірбек Жолдасбековтың 80 жылдығын тойлау аясында биылғы жылдың 1 наурызында "Жібек жолы" олимпиадасы өтетінін хабарлады және барлық оқушыларды олимпиадаға қатысуға шақырды.

ҚР ҰҒА академигі, әділ қазылар алқасының төрағасы Асқар Жұмаділдаевтың айтуынша, олимпиаданың деңгейі жылдан жылға артып келеді. "Биылғы олимпиаданың ерекшелегі - жеңімпаздың тұңғыш рет қыз бала болғандығы. Ол - мәскеулік Виктория Малиазова", - деп атап өтті академик.

Сонымен, биылғы жылдың білім бәсекесінде командалық есепте Бас жүлдені Мәскеу мемлекеттік университетінің Арнайы ғылыми-оқу орталығының (Ресей, Мәскеу қ.) командасы жеңіп алды. 1-орынды Бухарест қаласының TUDOR VIANU National High School of computer science командасы (Румыния, Бухарест қ.) иеленді, жүлделі 2-орынды О.Жәутіков атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-математика орта мектеп-интернаты (РМФМОМИ. Қазақстан, Алматы қ.) мен София жоғары мектебінің (Болгария, София қ.) командалары өзара бөліссе, 3-орынды Фатих колледжі, Түрік жоғары мектебі (Түркия, Анкара қ.) және Тәжік- түрік лицейінің (Тәжікстан, Душанбе қ.) командалары иемденді.

Білім бәсекесінде 24 олимпиадашы алтын медаль (Қазақстанның еншісінде 7 медаль, оның 4- еуі РМФМОМИ-ге тиесілі), 47 олимпиадашы күміс медаль (Қазақстанның еншісінде 14 медаль, оның 5-еуі РМФМОМИ-ге тиесілі), 62 олимпиадашы қола медаль (Қазақстанның еншісінде 24 медаль, оның 7- еуі РМФМОМИ-ге тиесілі) иеленді. Барлығы 133 медальдан Қазақстанның олимпиадашыларына 45 медаль бұйырса, оның 16-сын Жәутіков атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-математика орта мектеп -интернатының оқушылары (РМФМОМИ) алды.

Олимпиада қорытындысы бойынша анықталған ең үздік 7 командаға олимпиаданың бас серіктесі «РМФМОМИ түлектерінің қоры» Қоғамдық қоры және бас демеушілері  «ExxonMobil Kazakhstan Inc.», «Microsoft Kazakhstan», «Kcell» компанияларының атынан бағалы сыйлықтар (жеңімпаз команданың әрбір мүшесіне 1-орын үшін - бейнекамера, 2-орын үшін - санды фотоаппарат, 3-орын үшін - ұялы телефон) ұсынылды. Бас жүлдені жеңіп алған команданың 7 қатысушысына ноутбук тарту етілді.