VII Қысқы Азия ойындары Алау эстафетасының алаугерлері ең лайықтылар ғана болады

АСТАНА. Қазанның 6-сы. ҚазАқпарат - 2011 жылы Астана мен Алматыда өтетін VII Қысқы Азия ойындары Алау эстафетасының алаугерлері спортта жоғары жетістіктерге жеткен және белсенді өмірлік ұстанымдары бар қазақстандықтар болады. Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте «Нұр Отан» ХДП Орталық аппараты басшысының орынбасары Мұхтар Ерман айтты.

«Бір ай бұрын «Мәдени Азиада» үлкен жобасы туралы айтқан болатынбыз. Жоба бүгінде басталды. Енді біз 2011 жылғы Қысқы Азия ойындары Алау эстафетасына дайындық барысы туралы хабарламақпыз. Алау эстафетасы - кез-келген олимпиаданың ең алғашқы және ең есте қаларлық мерекелік көрінісі», - деді М.Ерман.

Оның айтуынша, «Нұр Отан» ХДП және VII Қысқы Азия ойындары мен Олимпиада Алауы эстафетасын ұйымдастыру дирекциясы алаугерлерді іріктеуді бастады.