Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында «2011 жылғы VII қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы» АҚ вице-президенті Абзал Әлібеков мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда Астана және Алматы қалалары бойынша барлығы 28 қонақүй таңдалып, осы қызмет көрсету орталықтарымен арнайы келісімшарттар жасау жоспарланып отыр. «Азия ойындары кезінде қатысушыларға қызмет көрсететін қонақүйлерді іріктеу кезінде олардың қауіпсіздік, шет тілін білу, нөмірлердің ыңғайлылығы мен сыйымдылығына баса назар аударылды. Сондай-ақ қонақүйлердің ас мәзірі «Халал» мемлекеттік стандартына сай болуы тиіс. Себебі ойындарға қатысатын елдердің басым бөлігі мұсылман дінін ұстанады. Қазіргі кезде Астанада - 9, ал Алматы қаласында 19 қонақүй Азия ойындарына қатысатын спортшылар мен делегаттарға қызмет көрсетуге мүмкіндік алып отыр», - дейді А.Әлібеков.