«VII қысқы Азиялық ойындарды насихаттауға арналған мотожорық аяқталды» - байкер Дмитрий Петрухин
Спортшының айтуынша, Азиада ол үшін - өмірінің қазіргі кезеңіндегі ең басты оқиға. «Менің жобамның мақсаттылығына және оның жүзеге асатындығына сенімсіздік білдіргендер болғанын жасырмаймын. Бірақ о баста, осынау шараға бел буған 2007 жылы, мен өзіме қатты сендім. Ал маған сенім білдіргендердің үмітін ақтадым. Жорықтың ойдағыдай аяқталғанына бақыттымын. Осы жылдары Азиадаға деген ыстық сезім менің жүрегімде болды», - деді атақты байкер ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.
Д.Петрухин, бірнеше жылға созылған осынау жорықтың барысында 45 елде көптеген кездесулер өткізгенін еске алды. «Әсіресе, 2010 жылдың желтоқсан айында Гонконгта Азия елдерінің 35 бас консулының алдында сөйлеген сөзім есімнен шықпайды. Мен жиналған қауымға еліміздің қол жеткізген жетістіктері туралы, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы мен Астана саммиті туралы әңгімелеп бердім. Өткен жылдың, жас мемлекетіміздің тарихындағы айтулы жылдардың бірі болғанын сеніммен айта аламын», дейді ол.
Байкердің айтуынша, бүгін әлемде Қазақстан туралы білмейтін ел кемде-кем. Біздің елімізді Пәкістан, Ауғанстан, Иран елдерімен аз салыстыратын болған. Қазақстанды әлем жұртшылығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен таниды.
Байкер сондай-ақ, оның саяхаты, спорттың - нағыз әлем елшісі екенін тағы да паш еткенін айтып өтті «Спорт идеалдарын сақтау және дамыту керек. Және әлем елдері өз күштерін тек спорттық ареналарда көрсетулері керек», - дейді танымал байкер.