VIII АЭФ-да 2050 жылдың әлемдік экономикалық картасы және Жібек жолын жаңғырту талқыланады - Ә.Ерғалиев

АСТАНА. ҚазАқпарат - VIII Астана экономикалық форумының конференциялары мен сессияларында әлем экономикасын дамыту, Ұлы Жібек жолын жаңғырту және 2050 жылдың болжамалы экономикалық картасы мәселелері талқыланады, деп мәлімдеді бүгін «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Әсет Ерғалиев ОКҚ брифингінде. Бұл туралы primeminister.kz сайтында хабарланды.

«АЭФ аясындағы жоғары деңгейдегі конференцияда әлемдік экономиканың өзекті оқиғаларын, экономикалық, қаржы және монетарлық өзгерістер талқыланады. Экономикалық өсімнің жаңа драйверлері анықталып, келер екі жылға арналған әлем экономикасын дамытудың болжамдары мен нұсқалары қарастырылады», - деді Ә.Ерғалиев. Сондай-ақ, оның айтуынша, АЭФ алаңында өтетін инвестициялық форумда шетелдік инвесторларға Қазақстанның инвестициялық климаты мен ынталандырудың жаңа пакеті таныстырылады. Сонымен қатар, спикерлер Қазақстанның индустриалды-инновациялық дамуына тікелей шетелдік инвестицияларды тарту мүмкіндіктерін қарастырады. «Бірнеше сессия Ұлы Жібек жолын жаңғырту тақырыбына арналады. Өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту жолдары мен экономикалық әлеует қаралады», - деп түсіндірді институт басшысының орынбасары. Бұдан өзге, АЭФ аясында урбандалу форумы қалалардың экономикалық тұрақтылығы мен оларды жоспарлау мәселелерін талқыға салатын сарапшыларды жинайды. Онда Smart City мысалындағы қаланы басқарудағы инновациялық көзқарас талқыланады. «Болашаққа бағдар. 21 ғасырдың әлемдік экономикасы» сессиясы жоспарланған. Онда 2050 жылдың интерактивті әлем картасы, ғаламдық экономика тенденциялары талқыланады», - деп толықтырды Ә.Ерғалиев.

Ол биылғы жылы АЭФ-на жаһандық экономикалық қоғамдастықтың бірқатар белгілі сарапшысы қатысады деп жоспарланғанын айтып өтті. Атап айтқанда, Гарвард университетінің профессоры, америкалық экономист Кеннет Рогофф, аты әлемге әйгілі экономист Нуриэль Рубини, «Форбс» іскерлік апталығының бас редакторы, америкалық бизнесмен, саясаткер Стив Форбс шақырылған. VIII Астана экономикалық форумы 2015 жылдың 21-22 мамырында өтеді. 30 маңызды сессия өтеді деп жоспарланған, олар экономиканың басым бағыты ретінде инфрақұрылымды дамыту тақырыбына шоғырланған. Форумға 90 елден 3000-нан астам делегат келеді деп жоспарланған. 200-ден астам вип-спикерлер келеді деп күтілуде, олар -Үкімет, халықаралық ұйымдар, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, Нобель сыйлығының лауреаттары.