Виктор Храпунов жайында ақпарат бергендер қаржылай ынталандырылуы мүмкін - Қаржы полициясы

АСТАНА. 4 қыркүйек. ҚазАқпарат - Виктор Храпунов жайында ақпарат бергендер қаржылай ынталандырылады. Бұл туралы бүгін ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай айтты.

«Бұл іс тергеліп жатыр. Егер де аталған іс бойынша біреу ақпарат бере алатын болса, онда ережеге сәйкес қандай да бір ынталандыру болуы мүмкін. Алайда, көп хабар түсіп жатса, онда қылмыстық істі ашуға маңызы  барлары ғана ескеріледі», - деп атап өтті ресми өкіл.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Виктор Храпуновтың іздестіріліп жатқан­дығы туралы хабар Интерпол халықаралық полиция ұйымының сайтында жарияланды. Алматы қаласының экс-әкімі Виктор Храпуновқа Қаржы полициясы былтыр 20 қылмыстық іс қозғаған болатын. Храпунов ла­уазымдық өкілеттігін асыра пайдаланып, ірі мөлшерде пара алған. Заңсыз жолмен түсірген қаржыны және бөтеннің мүлкін заңдас­тыр­ған. Тіпті мұнымен шектелмей, ұйымдасқан қылмыстық топтарды қаржыландыруға дейін барған. Сон­дықтан да сот оны қамауға алуға санкция берді. Осыған байланысты оған халықаралық іздеу де жарияланды.

Айта кетейік, бүгін Қаржы полициясында өткен брифингте Жемқорлық фактісін хабарлаған  адамдар қаржылық түрде ынталандырлатыны хабарланды. «Ағымдағы жылғы 23 тамызда ҚР Үкіметінің қаулысымен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактысы туралы хабарлаған немесе жемқорлыққа қарсы күресте өзге де жолмен жәрдемдескен адамдарды көтермелеу қағидалары бекітілді», - деп атап өтті ресми өкіл.

Бұл қағидалар жемқорлыққа қарсы күресте жәрдемдесетін адамдарды ынталандыру тәртібін анықтайды. Сондай-ақ, оның сөзіне қарағанда, аталған ынталандыру қаржысын алу мақсатында жалған ақпарат хабарлаған азаматтар еліміздің заңдарына сәйкес жауапкершілікке тартылады.