Вильнюстегі НАТО саммиті қауіпсіздік шараларының жоғары деңгейінде өтеді

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Бүгін Литва астанасында НАТО-ның екі күндік саммиті өтеді. Еуропалық БАҚ Солтүстік Атлант альянсына мүше елдердің кездесуінің қауіпсіздігі жоғары деңгейге болатынын атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікт тілшісі.

Фото: nato.int

Жоғары деңгейдегі шара Литва көрме және конгресс орталығында (LITEXPO) өтеді. Соған қарамастан жергілікті полиция мен қауіпсіздік қызметі қала бойынша қатаң қауіпсіздік шарасын енгізді. Бірақ, LITEXPO маңында ең қатаң қауіпсіздік шарасы қабылданады.

Вильнюс әуежайында және қаланың басқа да ірі көлік тораптарында, соның ішінде теміржол вокзалдарында қосымша бақылау шаралары енгізілді. Билік 7 шілдеден 13 шілдеге дейін ЕО ішкі шекараларында жеке басын тексеру енгізіп, Шенген еркін қозғалыс ережелерін тоқтатқанын жариялады.

НАТО-ға мүше бірнеше ел саммиттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлығы мыңға жуық әскери қызметші мен әуе қорғанысының озық жүйелерін ұсынды. Сондай-ақ, Вильнюс әуежайының жанындағы «Патриот» әуе қорғанысының сегіз қондырғысы туралы хабарланды.

Жауынгерлік техникадан басқа, химиялық, биологиялық, радиологиялық және ядролық шабуылдармен күресу үшін де қаражат жіберілді.

Арнұр Рахымбеков