Миленаның аяқ сүйегі қатты өзгерген, туғаннан тобығы болмаған, соның салдарынан ол жүре алмайтын. 2012 жылдың қазан айында Қорған қаласында оған ота жасалып, жарты жыл емделгеннен кейін отбасымен Қазақстанға оралды. Миленаға тағы бірнеше сауықтыру курсын өтуге тура келеді, бірақ дәрігерлер бәрі жақсы болады деп болжап отыр.
"Қазір Милена қабырғаға немесе ата-анасына сүйеніп, ақырындап жүре бастады, - дейді "Дом" қайырымдылық қорының үйлестірушісі Галина Кветкина. - Егер уақытында ота жасалмағанда, оның екі аяғын да кесіп алып тастауға тура келетін еді".
Сондай-ақ, Айша Бексұлтанның да қалы жақсарып келеді, қыз баланың жүрегінде ақауы болған, оған Украинада ота жасалып, жақында елге оралды. Тағы сондай жүрек ақауы бар Аяулым Құрбановаға да ойдағыдай ота жасалды. Тағы төрт баланы емдеуді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі өз бақылауына алып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, 2012 жылдың қыркүйек айында Лондон Олимпиадасының чемпионы Александр Винокуров сол айтулы сайыста жеңіске жеткен велосипедін аукционға қойған болатын. Топтаманы Tak Group компаниясы 243 мың долларға сатып алды, сондай-ақ, спортшының киімі және "Астана" велокомандасының керек-жарақтар жиынтығы сатылды. Сатудан түскен барлық қаражат науқас балаларды емдеуге жұмсалды. Винокуровтың өкілдері балалар жіберілген емдеу орындарына қажетті сомаларды тікелей төлеп берді.