Винокуровтың велосипеді UCI аккредитациясын алды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Олимпиада чемпионы әрі ең беделді әлемдік жарыстардың жеңімпазы және жүлдегері Александр Винокуров негізін қалаған қазақстандық VINO брендімен шыққан кәсіпқой шосселік велосипедтер Халықаралық велосипедшілер одағының (UCI) аккредитациясын алды, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА.

UCI-дің арнайы комиссиясы велосипедті бір ай бойы тексеріп, халықаралық ұйымның барлық талаптарына сай екенін мәлімдеді. Осы аккредитация спортшыларға UCI аясында өтетін ең беделді веложарыстарға отандық марка велосипедтерімен қатысуға рұқсат береді. 2018 жылдан бастап Vino - Astana Motors құрлықтық командасының велошабандоздары VINO ATM велосипедтерімен жарысқа шығады.

 

«Бұл қызметіміздің дамуының тағы бір кезеңі болды. Аккредитацияның берілуі VINO бренді әлемдік деңгейдегі ең жоғары талаптарға сай екенін білдіреді. Сапа мен қауіпсіздік - кәсіпқойлар үшін басты критерийлер. Жұмысымыз оң бағасын алғанына қуаныштымын», - дейді Александр Винокуров.

Еске сала кетсек, VINO маркалы қазақстандық велосипед алғаш рет Алматыда 2014 жылы таныстырылған. Бүгінгі таңда отандық өнім Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де едәуір сұранысқа ие.