Вируспен күресудің дайындық фазасы жоғарылады - Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы

НЬЮ-ЙОРК-ВАШИНГТОН. Сәуірдің 28-і. ҚазАқпарат /Әлия Алтынғазина/ - Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеті дүйсенбі күні «шошқа тұмауымен» күресуге дайындықтың фазасын үшіншіден төртіншіге көтеру туралы шешім қабылдады.

Сонымен бірге Ұйым вирус тараған елдерге сапарларды немесе ол елдермен арадағы сауда-саттықтарды шектеуге негіз бар деп пайымдауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.АҚШ Әкімшілігінің мәліметтері бойынша, ағымдағы кезеңде елде «шошқа тұмауы» вирусын жұқтырудың зертханалық расталған 40 оқиғасы тіркеліп отыр. Федералды өкімет американдықтарға қатерлі індет тарап отырған Мексикаға сапарларын кейінге қалдыра тұруға кеңес беріп отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Маргарет Чань ханымның айтуынша, АҚШ-та анықталып отырған оқиғалардың генетикалық құрылымы бірдей. Жаңа індет A/H1N1 типіндегі вирус деп анықталып отыр. Қазіргі уақытта Мексикаға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары жіберілді. Оған қоса осы елге Дүниежүзілік банк тарапынан 205 миллион доллар қаржылай көмек көрсетіледі. БҰҰ штаб-пәтерінде өткен брифингте бас хатшы Пан Ги Мун вирустың тұмаудың жаңа пандемиясына әкелу мүмкіндігіне алаңдаушылық білдірді.