Виски ұрлаймын деп соттан бір-ақ шықты - Атырау

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Ішімдік ұрлаған Атырау қаласының  тұрғыны соттала жаздады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сотталушы А.Б. 2018 жылдың 1 наурызында Атырау қаласы С.Датов көшесінде орналасқан «Лидер-Березка» шағын маркетіне кіріп, құны 12 154 теңге тұратын «Jack Daniels» виски алкогольдік ішімдігін жымқырып кеткен.

Он күн өткен соң, яғни 11 наурызда осы әдетіне басып Вокзал маңы ықшамауданында орналасқан «Идеал Маркет» шағын маркетінен  7 977 теңгелік «Jameson» виски алкогольдік ішімдігін ұрлаған.

Сот отырысында сотталушы А.Б.-ның жәбірленушілермен медиация тәртібінде татуласқаны анықталды.

Сот қаулысымен А.Б. келтірілген залалдың орны толтырылуына, сондай-ақ жәбірленушілермен медиация тәртібімен татуласуына байланысты Қазақстан Республикасының ҚК-нің 68-бабының 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық жауапкершіліктен босатылды»,  деп хабарлайды Атырау қаласының №2 сотының баспасөз қызметі.