Виталий Кличко бокспен қоштасты

АСТАНА. 24 қыркүйек. ҚазАқпарат - Украиндық ауыр салмақтағы боксшы Виталий Кличко Донецкіде өткен баспасөз мәслихатында «Мен енді бокстаспаймын», - деп мәлімдеді.

Бұл туралы украиндық «Остров» интернет басылымына сілтеме жасап, Лента.ру хабарлайды. 41 жастағы Кличко соңғы рет 2012 жылы 8 қыркүйекте Мәскеуде шаршы алаңға шықты. Ол германиялық Мануэл Чаррамен қолғап түйістіріп, WBC (Дүниежүзілік бокс кеңесі) нұсқасы бойынша чемпиондық атағын қорғап қалды. 

Үлкен Кличко бірнеше чемпиондық атағы бар інісі Владимир карьерасын әлі де жалғастыратынын айтты. «Кличко шаршы алаңға шыққанда әлі де талай рет Украина туы көтеріліп, әнұраны ойнайтын болады», - дейді ол.

Чарроны жеңген соң, Кличко бұдан былайғы спорттық жолы 28 қазанда өтетін Украинаның Жоғарғы Радасының сайлауынан кейін белгілі болатынын айтқан еді. Сайлауға Кличконың «Удар» партиясы да қатысады.

Украинаның зерттеу институттарының жүргізген зерттеулерінің нәтижесінде Кличко Украина президентіне үміткерлердің арасында екінші орында тұрған көрінеді. Егер сайлау жуыр арада болса, онда Кличкоға сайлаушылардың 11,9 пайызы дауыс берер еді, ал қазіргі президент Виктор Януковичті 22,1 пайызы қолдайды деп есептелген.

Ал бұл тұста британдық ауыр салмақты боксшы Дэвид Хэй «Кличко менімен қолғап түйістіруден қашып, саясатқа кетіп қалды» деп мәлімдеген. Оның айтуынша, Кличко өміріндегі «ең күшті әрі ірі жекпе-жегінен» жалтару үшін украина парламентіндегі сайлауды сылтауратпауы керек. Бұл туралы Boxingscene интернет басылымы хабарлайды.

41 жастағы Кличконың менеджері Бернт Бенте оның клиенті Украинадағы сайлаудан кейін саясатқа ықпал ете алатындай күш алса, спортпен қоштасатындығын жасырмайды. «Демократия мен жемқорлыққа қарсы күрес Дэвид Хэймен жекпе-жектен анағұрлым маңыздырақ» дейді ол.

Хэй WBA (Дүниежүзілік бокс ассациациясы) нұсқасы бойынша чемпион болған, алайда 2011 жылы Владимир Кличкомен жекпе-жекте бұл атағынан айырылып қалған. Осыдан кейін ол Виталий Кличкомен қолғап түйістіргісі келетінін мәлімдеген болатын.

Виталий Кличко кәсіби бокс шаршы алаңында барлығы 47 жекпе-жек өткізді. Оның 45-інде (41 нокаут) жеңіске жетіп, 2 рет жеңілген.