Виталий Кличко өзінің бокстан кететіндігі туралы ақпаратты жоққа шығарды

АСТАНА. 25 қыркүйек. ҚазАқпарат - WBC нұсқасы бойынша бокстан әлем чемпионы Виталий Кличко өзінің спорттық мансабын әлі аяқтамайтындығын мәлім етті.

Бұл туралы Ресей Жаңалықтары агенттігі хабарлады.

Бұған дейін БАҚ-тар аса ауыр салмақтағы украиндық боксшы және УДАР партиясының көшбасшысы Донецкіде өткен баспасөз мәслихатында айтқан «мен енді бокстаспаймын» деген сөздерін таратқан болатын. Біршама уақыттан кейін Кличконың баспасөз қызметі ол «мен қартайғанға дейін бокстаспаймын» деп айтқандығын нақтылап берді. «Әзірше менің спорттағы мансабымның аяқталатындығы туралы әңгіме қозғалмайды. Донецкіде өткен баспасөз мәслихатында бұған жете екпін бермегенім үшін кешіріңіздер. Украина бойынша сайлауалды кезеңінде жүрмін. Және Донецк облысына нақты спорттық мансабыммен қоштасу үшін келгенім жоқ», - деп мәлімдеді боксшы.

«Бұл қашан болады?» деген сұрақтан аздап шаршадым. Мұндай шешім қабылдаған кезде ол туралы жеке баспасөз мәслихатында айтатынымды бірнеше мәрте мәлімдеген болатынмын», - деп қосты ол.

Еске салайық, 9 қыркүйек күні Мәскеуде украиндық боксшы Германия өкілі Мануэль Чаррмен болған айқаста чемпион атағын қорғап қалған болатын. Және сол кезде Кличко кәсіби мансабын аяқтайтындығын және ол туралы қосымша хабарлайтындығын айтты.
Айта кетейік, Украинаның зерттеу институттарының жүргізген зерттеулерінің нәтижесінде Кличко Украина президентіне үміткерлердің арасында екінші орында тұр. Егер сайлау жуыр арада болса, онда Кличкоға сайлаушылардың 11,9 пайызы дауыс берер еді, ал қазіргі президент Виктор Януковичті 22,1 пайызы қолдайды деп есептелген.

Ал бұл тұста британдық ауыр салмақты боксшы Дэвид Хэй «Кличко менімен қолғап түйістіруден қашып, саясатқа кетіп қалды» деп мәлімдеген. Оның айтуынша, Кличко өміріндегі «ең күшті әрі ірі жекпе-жегінен» жалтару үшін украина парламентіндегі сайлауды сылтауратпауы керек. Бұл туралы Boxingscene интернет басылымы хабарлайды.

41 жастағы Кличконың менеджері Бернт Бенте оның клиенті Украинадағы сайлаудан кейін саясатқа ықпал ете алатындай күш алса, спортпен қоштасатындығын жасырмайды. «Демократия мен жемқорлыққа қарсы күрес Дэвид Хэймен жекпе-жектен анағұрлым маңыздырақ» дейді ол.

Хэй WBA (Дүниежүзілік бокс ассациациясы) нұсқасы бойынша чемпион болған, алайда 2011 жылы Владимир Кличкомен жекпе-жекте бұл атағынан айырылып қалған. Осыдан кейін ол Виталий Кличкомен қолғап түйістіргісі келетінін мәлімдеген болатын.

Виталий Кличко кәсіби бокс шаршы алаңында барлығы 47 жекпе-жек өткізді. Оның 45-інде (41 нокаут) жеңіске жетіп, 2 рет жеңілген.