Вице-министр футболға бөлінетін ақшаның стадиондарға бағытталмайтыны туралы сынға жауап берді

АСТАНА. KAZINFORM – Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Мәжіліс депутатының футболға бөлінетін ақшаның стадиондарға бағытталмайтыны туралы сыныа жауап берді. 

Фото: ОСК

«Легионерлер бойынша депуттармен бірге жұмыс жүріп жатыр. Қазір Мәжілісте спорт саласындағы заңнама түзетулер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасы жатыр. Сонда легионерлерге қатысты нақты нормалар бар. Қазір сол нормаларды талқылап жатырмыз. Заң жобасы мақұлданған кезде спорт саласындағы легионерлердің қызметін, қаржыландыру мәселесін реттейміз», - деді ол ведомствоның алқа мәжілісінен кейін.

Министр стадиондардың мәселесін әр облыс өз әлінше шешіп жатқанын айтты.

«Үлкен стадиондар туралы айтсақ, әр өңір алдына стандартқа сай стадиондар туралы мақсат қойған. Түркістанда стадион салынып бітті. Көшпенділер ойынынан кейін «Астана Аренада» қайта жарақтандыру жүреді. Біз әкімдікпен бірге осы стадионды қайта жарақтауға, UEFA қоятын стандарттардың бәріне сай болу үшін қаржы салдық», - деді Серік Жарасбаев.

Еске салайық, Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Қазақстан 30 жылда бір ғана стадион салса, көршілес Өзбекстан 10 стадион салып үлгергенін айтып, сауал жолдаған еді. 

«Қазақстан 30 жылда бір ғана стадион салса, бізден футбол бюджеті екі есе аз Өзбекстан 10 стадион салған. ФИФА рейтингісі бойынша Қазақстан 125-орында, ал ТМД бойынша футбол бюджеті ең аз Қырғызстан 96-орында. Бразилияға «алақайлап» жіберген 78 балақайдың бір де біреуі қазір футбол ойнамайды. Есепсіз миллиардтарды далаға шашамыз, бірақ гол жоқ. Ал ауылдарда қаржы тапшылығынан жол жоқ», - деген еді Қазыбек Иса.