Вице-министр: Олимпиадалық емес спорт федерациялары жұмысын жалғастырады

Фото: primeminister.kz

АСТАНА. KAZINFORM – «Дене шынықтыру және спорт туралы» заң аясында мемлекеттік қаржыландыру тек басым спорт түрлеріне бағытталады. Бұл тізімге Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындары мен ұлттық спорт түрлері ғана енгізілген. 

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев мәлімдеді.

Жиын барысында журналистер спорттық акробатика сияқты олимпиадалық емес, бірақ балалардың бастапқы спорттық дайындығында маңызды рөл атқаратын спорт түрлерінің болашағы жайлы сұрақ қойды.

– Акробатика елімізде тарихи түрде дамыған және бірқатар өңірде нақты жетістіктерге жеткен спорт түрі. Алайда заң бойынша 46 басым спорт түрі ғана бюджет есебінен қаржыландырылады. Бұл – халықаралық жарыс күнтізбесіне енген және олимпиадалық мәртебесі бар спорт түрлері, - деді вице-министр.

Оның айтуынша, олимпиадалық емес спорт түрлері толық жабылмайды, олар бұқаралық спорт ретінде сақталады. Федерациялар өз жұмысын жалғастыра береді. Ондай спорт түрлерінде де спорттық атақтар беріледі, Қазақстан чемпионаттарына қатысу мүмкіндігі сақталады, тиісті нормативтер мен талаптар орындалады.

– Біз бұл мәселені жан-жақты талқыладық. Өңірлерде 2023-2024 жылдары жүргізілген мониторинг нәтижесінде бюджет қаражатының 70 пайыздан астамы олимпиадалық емес спорт түрлеріне жұмсалғаны анықталды. Бұл жағдай еліміздің Олимпиада ойындарындағы нәтижесіне тікелей әсер етті. Сондықтан Президент пен Үкіметтің тапсырмасына сәйкес, заң аясында нақты шектеулер енгізілді, - деді Серік Жарасбаев.

Жиын барысында журналистер бұл өзгерістердің практикалық іске асу жолын сұрады. Министрлік өкілі вертикалды басқару жүйесі енгізілетінін атап өтті.

– Министрлік ұсынған модель бойынша спорттық жүйе пирамида тәрізді құрылыммен дамиды. Оның негізінде – бұқаралық спорт (осы санатқа енген акробатика да бар), одан жоғары деңгейде – балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері, спорт интернаттары, олимпиадалық даярлау орталықтары, жоғары спорт шеберлігі мектептері, ал ең жоғарғы деңгейде спортты дамыту дирекциясы орналасады. Осы құрылымның барлығында тек 46 басым спорт түрі ғана жүйелі түрде дамытылады. Қалған спорт түрлері бұқаралық деңгейде қалса, олардың қаржыландыруы едәуір аз болады, - деді вице-министр.

Бұған дейін, Қазақстан спортында басым бағыттары белгілі болғанын жазғанбыз.