Вице-министр Степногорск ЖЭО-сындағы адам өлімі туралы пікір білдірді
АСТАНА. KAZINFORM – Энергетика министрлінің орынбасары Санжар Жәркешов Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Степногорск жылу электр орталығындағы адам өлімі туралы пікір білдірді.
- 26 тамыз күні Степногорск жылу электр орталығында демонтаж жұмыстары кезінде қайғылы оқиға болып, салдарынан бір адам өліп, 3 адам түрлі жарақатпен аурухана түсті. Тексерудің қорытындысы қандай? Жарақат алғандардың жағдайы қандай? Жылу электр орталықтарының қауіпсіздік ережелерін күшейту жоспарда бар ма, - деп сұрады журналист.
Вице-министр кез келген салада адам факторы болатынын еске салды.
- Энергетика министрлігі адам өмірі мен денсаулығын бірінші орынға қояды. Қауіпсіздік техникасы үнемі сақталу керек. Бірақ кейде адам факторы бар екенін көріп отырмыз. Адамдар жұмысында қауіпсіздік техникасын бұзып жатады. Түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Шаруашылық нысандарымен де қауіпсіздік техникасының жаңа тәсілдерін енгізу бағытында үлкен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қолданыстағы ережені үнемі сақтауымыз керек. Оның бұзылып жататынын көріп отырмыз. Бұл – өмір. Сондықтан тексеру әділ болу үшін ашықтықтық қамтамасыз етеміз. Оның қорытындысын жақында айтамыз, - деді вице-министр.
Айта кету керек, Үкімет Степногорскінің жылу желілерін реконструкциялауға өз резервінен 2,7 млрд теңге бөлген болатын.