Вице-премьер Алтай Айнабектің жобасына сенбейтінін айтты
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Сенаттың жалпы отырысынан кейін «жаңбыр адам» аталып кеткен Алтай Айнабектің атмосфераны иондау арқылы жаңбыр шақыратын аппараты туралы пікір білдірді.
— Алтай Айнабек деген Қазақстан азаматы Өзбекстанда қолдан жаңбыр жауғызатын аппаратын сәтті сынақтан өткізіп, жауын жауғызғанын әлеуметтік парақшаларында мәлімдеп жатыр. Сол Өзбекстанға іргелес жатқан оңтүстік өңірлердің кейбір жерінде қуаңшылық белгілері байқалып отыр. Қазақстан бұл жобаға неге қолдау көрсетпеді, — деп сұрады журналист.
Серік Жұманғарин ондай жобаны бұрын естімегенін айтты.
— Шынымды айтсам, ондай жаңалықты бірінші рет естіп тұрмын. Ештеңе айта алмаймын. Аппарат бар, жаңбыр шығарады — ол деген өте ерекше жағдай. Менің бір естігенім бар. Бір депутаттар жиналып, Маңғыстауда жаңбыр шақыратын аппарат сатып алған. Менің білуімше, кейін органдар осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғаған. Сол себепті ондайды дұрыстап тексеру керек. Жалпы айтқанда, сенбеймін, — деді Ұлттық экономика министрі.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов те аталған жобаны «ғылыми дәлелі жоқ» бастама деп атаған болатын.