Ахмет Жұбановтың 120 жылдығы: Алматыда «Ғасырлар пернесі» атты концерт өтті
АСТАНА. KAZINFORM — Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі Ахмет Жұбановтың 120 жылдығына арнап «Ғасырлар пернесі» атты концерт ұйымдастырды, деп хабарлайды Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
Кеште қазақ ұлттық кәсіби музыканың негізін қалаушы, композитор, дирижер, көрнекті ғалым Ахмет Жұбановтың құнды музыкалық мұрасынан түрлі шығармалар орындалды.
Кеште Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Толқын Забирова, Абай атындағы опера және балет театрының солисі Айдос Жабағин, опера әншісі Нематулло Зкруллаев, күйші Азамат Шынаров, қобызшы Әсел Рақымжан және А. Жұбанов атындағы дарынды балаларға мектеп интернатының балалар хоры қатысты.
Оркестрге «Құрмет» орденінің иегері Абылай Тілепберген, Нұркен Әшіров пен Ерлан Дәуренбеков дирижерлік етті.
Концерт барысында ҚР Ұлттық орталық музейіне қарасты Ахмет және Ғазиза Жұбановтардың мемориалдық музейінде «Ұлт рухын асқақтатқан тұлға» атты көрме ұйымдастырылды.
Экспозицияда Ахмет Жұбановтың өмір жолы мен қызметіне қатысты архив құжаттары, сирек фотосуреттер, қолжазбалар, ноталық еңбектер, кітаптар, жеке заттары ұсынылған.
Осыдан бұрын Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебі 60 жылда мыңнан астам өнер иесін түлеткенін жазған едік.