Құжатқа сәйкес, әуе көлігімен тасымалданатын және әуежайларда қарап-тексеруден өткізілмейтін лауазымды тұлғалардың тізімі жаңартылды.
Жаңартылған тізімге алғаш рет Қазақстан Республикасы вице-президентінің лауазымы енгізілді.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Құрылтайы төрағасы мен «Қазақстан Халық Кеңесі» төрағасы лауазымдарының атауы жаңа редакцияда берілді. Ал Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі төрағасының лауазымы тізімнен алынып тасталды.
Осыған ұқсас өзгерістер әуежайлардың арнайы залдарында қызмет көрсетілетін тұлғалар тізіміне де енгізілді. Атап айтқанда, бұл тізімге вице-президент лауазымы енгізіліп, Құрылтай төрағасы мен «Қазақстан Халық Кеңесі» төрағасы лауазымдарының атауы жаңартылды. Ал Мәжіліс төрағасының лауазымы тізімнен шығарылды.
Сонымен қатар әуежайлардың арнайы залдарында қызмет көрсету құқығы бар тұлғалардың санаты нақтыланды. Жаңартылған тізімге:
· Астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері;
· Құрылтай комитеттерінің төрағалары;
· Құрылтай депутаттары;
· Құрылтай аппараты мен Конституциялық сот аппаратының басшылары;
· Президент, вице-президент, Премьер-министр, Құрылтай төрағасы, Премьер-министрдің орынбасарлары, Құрылтай төрағасының орынбасарлары, Сыртқы істер министрі және Үкіметтің өзге де мүшелері бастайтын Қазақстанның ресми делегацияларының мүшелері енгізілді.
Қаулы 2026 жылғы 17 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді.
Еске салайық, бұған дейін әуежайлар, вокзалдар мен порттарға атау беру қағидаларына өзгерістер енгізіліп, енді мұндай нысандарға адамның есімі ол қайтыс болғаннан кейін кемінде бес жыл өткен соң ғана берілетіні хабарланған болатын.