Визалық талаптарды жеңілдету жөніндегі келіссөздер аяқталды — СІМ

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан азаматтары үшін Шенген аймағына визалық талаптарды жеңілдету және реадмиссия туралы келісімдер бойынша сарапшылар деңгейіндегі келіссөздер аяқталды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев мәлім етті.

Фото: gov.kz

Аталған келісімдер аясында Қазақстан азаматтары үшін визалық талаптарды жеңілдету мүмкіндіктері қарастырылып жатыр. Атап айтқанда, құжаттар тізімін қысқарту, консулдық алым мөлшерін төмендету, көп мәртелік визалар беру және виза өтініштерін қарау мерзімдерін қысқарту мәселелері талқыланған.

Сонымен қатар ведомство өкілі тиісті келісімдерге қол қойылғаннан кейін бұл жөнінде толық ақпарат жарияланатын атап өтті.

— Тараптар қазіргі уақытта құжаттарға қол қоюға дайындық аясында ішкі мемлекеттік рәсімдер кезеңіне өтті. Қазақстан өз тарапынан қажетті рәсімдерді жүргізсе, еуропалық тарап Шенген аймағына мүше мемлекеттердің қатысуымен тиісті келісу жұмыстарын жүзеге асырады. Осыған байланысты келісімдерге қол қою белгілі бір уақытты талап етеді. Жаңа ақпарат пайда болған жағдайда бұл жөнінде қосымша мәлімдеме жасалады, — деп толықтырды ол.

Бұған дейін Қазақстан мен ЕО виза мен реадмиссия бойынша келіссөздердің жаңа кезеңіне өткенін жазғанбыз.