Жиында ҚР Президенті телерадиокешенінің бас директоры Раушан Қажыбаева Владимир Путиннің жуырда Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарын еске салды. Астанада Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин «Қазақстан мен Ресей халықтарының достығы мен тату көршілігінің жеті негізі туралы» бірлескен мәлімдемеге қол қойған еді. Раушан Қажыбаева Ресей Президентінен бұл құжаттың маңызы жөнінде сұрады.
– Біздің Қазақстанмен қарым-қатынасымыз өте жақсы дамып келе жатыр. Біз әр мәселе бойынша қызу пікірталасқа түсеміз. Қаржы немесе өндіріс қатынастары, инвестициялық қызметтердің шарттары, ірі жобалар жөнінде көзқарас алуандығы болады. Бірақ екі жақ та әрдайым ортақ мәмілеге келуге мүдделі. Қос тараптың да көңілі толатын ғана емес, сондай-ақ, ортақ мақсаттарға жеткізетін бірлескен шешімдер қабылдауға ұмтыламыз. Ал ортақ мақсат жалғыз – даму және Қазақстан мен Ресей азаматтарының әл-ауқатын арттыру, – деді Владимир Путин.
Сонымен қатар, ол ынтымақтастықтың бірқатар артықшылығын атап өтті.
– Бізді бірнеше ғасырлық ортақ тарих байланыстырады. Қарым-қатынасымызда бір мемлекеттің құрамында болған кездерден бастап белгілі артықшылықтарымыз бар. Олар – серіктестік, ең алдымен, бірыңғай көлік байланыстары. Сіз орысша сұрақ қойдыңыз. Ол үшін алғыс айтамын. Бұл да экономикалық өлшемшарттар тұрғысынан маңызды. Себебі, бір-бірімізді түсінеміз, – деді Ресей Президенті.
Айта кетейік, бұған дейін Тоқаев пен Путин тату көршіліктің жеті негізі жөнінде, АЭС-ке қатысты құжаттарға қол қойғанын жазғанбыз.