Владимир Вайсс жаттықтыратын Алматының «Қайрат»футбол клубы алғашқы жеңісіне қол жеткізді

АЛМАТЫ. 15 желтоқсан. ҚазАқпарат - Кеше Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан Алматының «Қайрат» футбол командасы жаңа маусымға әзірлік кезінде Қазақстан Премьер-Лигасының чемпионы саналатын Қарағандының «Шахтер» командасын 2:0 есебімен ұтты.

Виктор Кумыков жаттықтыратын қарағандылықтар ел чемпионаты кезінде алматылықтарды 4:1 және 1:0 есебімен ұтқан болатын. «Қайраттың» жаңадан тағайындалған бас бапкері Владимир Вайсс жаңа маусымдағы алғашқы кездесуін жеңіспен бастап, биыл Премьер-Лигаға қайта оралғанымен 14 команданың арасында 10-шы орынға табан тіреген алматылық аяқдопшылардың көңіліне сенімін ұялатты. Енді олар келесі бақылау матчын 18 желтоқсанда Ресейдің Бірінші лигасында өнер көрсететін Нальчик қаласының «Спартак-Нальчик» командасымен өткізбек.