Вnews.kz қаржылық порталында темір жол саласындағы жобалардың іске асырылуы мәселелері бойынша онлайн-конференция болып өтті - Көлік және коммуникация министрлігі

АСТАНА. 16 қараша. ҚазАқпарат - Кеше, 15 қарашада bnews.kz қаржылық порталында ҚР Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайыновтың қатысуымен Қорғас - Жетіген және Өзен - Түркіменстанның мемлекеттік шекарасы темір жолдарын салу жобаларының іске асырылу барысы мәселелері бойынша онлайн-конференция болып өтті, деп хабарлайды ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметі.

Осы екі темір жол жобаларының маңызы жайындағы сұрақтарға жауап бере отырып, көлік ведомствосының басшысы Қорғас - Жетіген темір жолын салу Еуропа мен Азия бағытындағы жүк тасымалы арақашықтығын 500 километрге қысқартумен бірге Қытайға екінші өту пунктін ашатындығын атап өтті. Өзен - Түркіменстанның мемлекеттік шекарасы желісі «Солтүстік - Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің балама маршруты болумен қатар жол қатынасын 600 километрге қысқартатын болады. Бұдан тыс, транзиттің көлемі жыл сайын 2 млн. тоннаға артып отыратын болады деп күтілуде.

Онлайн-конференция барысында bnews.kz порталын пайдаланушылардан 20-ға жуық сұрақ түсті. Олар аталған жобалар ғана емес көлік-коммуникация кешенінің басқа салаларына да қатысты сұрақтар болды. Айталық, олар «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасының іске асырылу барысы, Астана - Қарағанды автомобиль жолының қайта салыну мерзімі, ауыл шаруашылығына арналған жеңіл моторлы ұшақтарды шығаратын авиазауыттың құрылысының барысы, сонымен бірге алдағы Азиада ойындарын көлікпен қамтамасыз ету мәселелеріне қызығушылық танытты.

Онлайн-конференцияның толық видео-нұсқасы bnews.kz порталында орналастырылған.