Жыл басынан бері теміржол вокзалдарындағы тексеріс нәтижелерінде 15 мыңнан астам тыйым салынған заттар, оның ішінде 90 суық қару, 80 атыс қаруының оқ-дәрісі анықталды.
«Вокзалдардағы екі жарым миллионға жуық адамға және олардың қол жүктеріне ішінара тексерістер жүргізілді», - дейді «Әскерилендірілген теміржол күзеті» АҚ (ӘТЖК) Тексеруді ұйымдастыру жөніндегі бас менеджері Әділбек Жүбеков.
Оның айтуынша, 141 жолаушыдан аса қауіпті заттар мен құралдар табылды. Оның барлығы көліктегі ішкі істер органына тапсырылса, 78-іне қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Бұл тексерістерді Әскерилендірілген теміржол күзеті қызметкерлері 2017 жылы маусымнан бастап барлық вокзалдарға орнатылған арнайы қондырғылар арқылы жүргізуде. Тексеру құралдары телевизиялық рентген аппараты, аркалы және қол жүгіне арналған металл детекторы, жарылғыш заттарды анықтайтын детектор іске қосылған.