Волейбол: «Ақтөбе» клубы Азия чемпиондар лигасын жеңіспен бастады

Фото: Фото: Видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM – Жапонияда волейболдан ерлер командалары арасында өтіп жатқан Азия чемпиондар лигасында «Ақтөбе» клубы алғашқы матчын өткізді.

Бұл өткен маусымда кубок пен суперкубокті ұтып алып, Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері атанған «Ақтөбенің» мұндай деңгейдегі додаға алғаш қатысуы еді.

А тобына түскен ақтөбеліктер Аустралиядан келген «Queensland Pirates» клубымен шеберлік байқасты.

Ойын Сергей Трикоз шәкірттерінің айқын басымдылығымен өтіп, 3:0 (25:11, 25:15, 25:19) есебімен аяқталды.

Ертең ақтөбеліктер екінші ойынын жапониялық, 2023 жылғы Азия клубтық чемпионатының жеңімпазы «Suntory Sunbirds Osaka» командасымен өткізеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жапонияда волейболдан Азия чемпиондар лигасының ойындары басталғанын жазған едік.