Волейбол: «Ақтөбе» клубы Азия чемпиондар лигасының жартылай финалынан тыс қалды
АСТАНА. KAZINFORM – Жапонияда волейболдан ерлер командалары арасында өтіп жатқан Азия чемпиондар лигасының ширек финалында «Ақтөбе» мен қатарлық «Аль-Райян» сынға түсті.
Қатарлық волейболшылар алғашқы екі сетте басымдылық танытты - 25:20, 25:18.
Үшінші сетте Сергей Трикоздың шәкірттері есе қайырды – 25:23. Алайда төртінші партияда қатарлықтар қарқынды ойнады – 25:20. Қорытынды есеп – 3:1, «Аль-Райян» командасының пайдасында.
Осылайша, Азия чемпиондар лигасына алғаш рет қатысып отырған «Ақтөбе» жартылай финалға өте алмай, жүлделі орындардан тыс қалды.
Өткен маусымда ел кубогы мен суперкубокты ұтып алған ақтөбеліктер Қазақстан чемпионатын күміс жүлдемен аяқтаған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Азия чемпиондар лигасында «Ақтөбе» қатарлық командамен ойнайтынын жазған едік.