Волейбол: «Ақтөбе» өз алаңында «Жайықты» жеңді

Фото: «Ақтөбе» волейбол клубы

АСТАНА. KAZINFORM — Ақтөбе қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионаты төртінші кіші турының аясында алаң иелері «Жайықпен» кездесті.

«Жайық» (бас бапкері Виктор Козик) өткен жылы ел чемпионы атанса, Сергей Трикоз жаттықтыратын ақтөбеліктер күміс жүлдені қанағат тұтқан еді.

Бұл жолы «Ақтөбе» алғашқы екі сетте аса қиналған жоқ — 25:20, 25:22.

Үшінші партияда оралдықтар 24:23 есебімен алда тұрып, сетболды пайдалана алмады — 26:28. Қорытынды есеп — 3:0, «Ақтөбенің» пайдасында.

Кеше «Есілді» 3:0 (25:23, 25:16, 25:19) есебімен тізе бүктірген ақтөбеліктер ұпай санын 55-ке жеткізіп, турнир кестесінде бұрынғыша екінші орында келеді.

Талдықорған қаласында өтіп жатқан «В» тобының ойындарында биылғы суперкубок иегері «Жетісу» қамшы салдырар емес. Марат Адрышевтің шәкірттері алдымен «Тараздан» айласын асырды — 3:0 (25:18, 25:19, 25:17).

Бүгін Алматының «Буревестнигін» 3:0 (26:24, 25:22, 25:15) есебімен қапы қалдырған «Жетісу» 59 ұпаймен көш бастап тұр. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан «Жайық» клубы Ақтөбеде «Атыраудан» басым түскенін жазған едік.