Волейбол: «Алтай» Азия чемпионатының жартылай финалына шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Волейболдан Вьетнамда ерлер арасында өтіп жатқан клубтық Азия чемпионатының жартылай финалына шыққан командалар анықталды.

 Қазақстан атынан сынға түсіп жатқан өскемендік «Алтай» командасы өз тарихында алғаш рет жартылай финалға жолдама алды, деп хабарлайдыdodasport.kz .

 Ширек финалдық ойында «Алтай» клубы қытайлық «Бэйцзинь БАИК Моторс» командасын үш сетте тізе бүктірді. Алғашқы екі партияда қытайлық команда «Алтай» волейболшыларына сет соңына дейін қарсылық танытса, шешуші сетте қазақстандық клуб айқын басымдықпен ойынға нүкте қойды - 25:19, 25:22, 25:14. «Алтай» жартылай финалда жапониялық «Тойода Госей Трефуэрц» командасымен финалдық жолдаманы сарапқа салады. Жапониялық ұжым өз кезегінде ширек финалда турнир қожайындары Вьетнаммен өткен тартысты матчта үш сетте жеңісті өз еншілеріне жазды - 3:0.

Екінші жартылай финалдық матчта катарлық «Аль-Араби» 2016 жылғы клубтық Азия чемпионатының жеңімпаздары ирандық «Сармае Банкпен» мықтылық байқасады. Катар елінің командасы ширек финалда Қытайлық Тайпейден үш сетте басымдық танытса, «Сармае Банк» Ирак елінен келген «Аль-Бахри» командасынан мықты екендіктерін дәлелдеді - 3:1.

«Алтай» клубтық турнирдегі қатарынан алтыншы жеңісіне қол жеткізді. Сондай-ақ қазақстандық команда 2016 жылғы нәтижелерін жақсарта алды. 2016 жылы «Алтай» турнирді бесінші орынмен қорытындылаған болатын.

Ерлер арасындағы клубтық Азия чемпионаты. Вьетнам. Ширек финалдық матчтардың нәтижелері.

«Аль-Бахри» (Ирак) - «Сармае Банк» (Иран) - 1:3 (12:25, 13:25, 25:23, 16:25)

«Алтай» (Қазақстан) - «Бэйцзинь БАИК Моторс» (Қытай) - 3:0 (25:19, 25:22, 25:14)

Вьетнам - «Тойота Госсей Трефуэрза» (Жапония) - 0:3 (19:25, 20:25, 21:25)

«Аль-Араби» (Катар) - «Тайчун Банк» (Қытайлық Тайпей) - 3:0 (25:19, 25:22, 25:16)

Жартылай финалдық матчтар:

«Алтай» (Қазақстан) - «Тойода Госей Трефуэрца» (Жапония)
«Сармае Банк» (Иран) - «Аль-Араби» (Катар)