ОРАЛ. KAZINFORM – Оралдағы «Жайық арена» спорт кешенінде волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері анықталды.
Қола жүлде үшін биыл «Атырау» және «Жетісу» командалары таласты. Бірінші кездесуде Марат Адрышев жаттықтыратын талдықорғандықтар 3:1 есебімен жеңіске жетсе, екіншісінде Ислам Жұмабековтің шәкірттері есе қайырған еді — 3:1.
Бұл жолы «Атырау» айқын басымдылық танытып, 3:0 (25:15, 25:14, 25:14) есебімен жеңіске жетті. Осылайша, олар үздік үштікке іліксе, «Жетісу» төртінші орынға табан тіреді.
Маусым барысында «Атырауды» жаттықтырған сербиялық маман Деян Вуличевич кетіп, команда құрамында бірқатар өзгеріс болған еді. Соның өзінде Ислам Жұмабеков баптаған атыраулықтар қола жүлдеге қол жеткізе білді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында қола жүлде үшін бәсекеде «Атыраудың» есепті теңестіргенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ алтын үшін таласта «Жайық» клубы камбэкпен «Ақтөбені» жеңді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).