ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Талдықорған қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында өтіп жатқан Қазақстан чемпионатының үшінші турында «Жайық» пен «Атырау» клубтары кездесті.
Осыған дейін қатарынан 12 матчты жеңіспен түйіндеген оралдықтар сол қарқынынан бұл жолы да жаңылған жоқ.
Өткен маусымда ширек финалда «Жайық» атыраулықтарға жол беріп, жүлделі орындарға таласудан тыс қалған еді.
Оралдықтардың бапкері Виктор Козик тәжірибелі ойыншыларға сенім артып, арасында ауыстырып та отырды. Бәсеке барысында Ислам Жұмабеков жаттықтыратын атыраулықтар алға шыққанымен, «Жайық» ұзатпай, таразы басын өздеріне аудара білді — 3:0 (25:22, 25:20, 25:17).
Сөйтіп, ұпай санын 40-қа жеткізген «Жайық» командасы биыл чемпиондықтан үміткер екендігін танытып келеді.
Бүгін сондай-ақ «Ақтөбе» клубы СҚО-ның «Есілін» 3:1 (25:16, 25:22, 24:26, 25:19) есебімен жеңіп, 32 ұпаймен екінші орынға орнықты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақтөбенің» тартысты матчта «Атырауды» ұтқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).