Волейбол: Атыраулықтар «Жетісу» клубын тоқтата алмады

Фото: ҚТФ

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласындағы «Жайық арена» спорт кешенінде волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында үшінші үлкен тур ойындары жалғасын тапты. 

Бұл жолы орталық кездесу «Жетісу» (Талдықорған) мен «Атырау» командалары арасында болды.

Марат Адрышев баптайтын талдықорғандықтар турнир кестесінде жеке-дара көш бастаумен қатар жуырда суперкубокты ұтып алған еді. Ал Игорь Никольченконың шәкірттері үздік үштікті түйіндеп тұрған.

Барынша тартысты өрбіген ойында «Жетісу» 3:1 (25:19, 17:25, 25:23, 25:20) есебімен ұтты. 
Осылайша, талдықорғандықтар жеңіс сериясын 7 матчқа жеткізіп, 53 ұпаймен қара үзіп кетті.
Екінші орындағы «Ақтөбе» клубы (46 ұпай) «Ұшқын-Көкшетауды» 3:0 (25:23, 25:12, 26:24) есебімен тізе бүктірді.

Өткен жылғы ел чемпионы «Жайық» командасы өз алаңында «Тараздан» айласын асырды — 3:0 (25:13, 25:14, 25:15). Сөйтіп «Атырауды» қуып жетіп, 41 ұпаймен үшінші орынға шықты.

Алматының «Буревестнигі» СҚО-ның «Есілін» 3:1 (28:26, 22:25, 25:19, 26:24) есебімен жеңді. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан «Жетісудың» қатарынан 6 ойында жеңіске жеткенін жазған едік.

Сондай-ақ «Тұран» Орталық Азия чемпиондар лигасында күміс жүлдегер атанды.