ОРАЛ. 19 ақпан. ҚазАқпарат - 18 ақпан күні Оралда әйелдердің жоғары лигадағы «А» тобы командалары арасында ел біріншілігінің үшінші туры мәреге жетті.
Соңғы күні «Қостанайды» 3:1 есебімен тізе бүктірген Оралдың «Грация-Астана KZ» командасы осы турдың жеңімпазы атанды. Олар Өскеменнің «ШығысҚорғасынҚұрылысына» ғана 2:3 есебімен жол беріп, қалған кездесулерінің бәрінде жеңіске жетті.
Жалпы, үш турдың қорытындысы бойынша бұрынғыша өскемендіктер алда келеді. Өткен жылы ұлттық лигада өнер көрсеткен «Шығыстан» біраз ойыншылар кетіп қалғанымен, қазіргі жас волейболшылар да өз шеберліктерін танытып келеді. «Қостанай» командасы екінші орынға орнықса, оралдықтар үшінші сатыда тұр.
Көптеген жылдан бері «Грацияны» жаттықтырып, тер төгіп келе жатқан Көлеңке Ғұбашевтің пікірінше, Оралдан да ұлттық лигада ойнайтын жақсы команда жасақтауға болады. Ол үшін, алдымен қаржы қажет, сосын команданы шебер ойыншылармен, соның ішінде легионерлермен толықтыру керек. Шындығында, волейбол командасына футболдағыдай аса көп қаржы кетпейді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).