АСТАНА. KAZINFORM – Талдықорған қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында өтіп жатқан Қазақстан чемпионатының төртінші турында «Берел» (Өскемен) мен «Қарағанды» шеберлік байқасты.
Ришат Гилязутдинов жаттықтыратын өскемендіктер 64 ұпаймен турнир кестесінде екінші орында тұрса, «Қарағанды» (бас бапкері Нұрлан Садықов) – үздік төрттіктен үміткер команданың бірі.
Қарағандылықтар бұл бәсекеде 3:0 (25:20, 25:18, 25:23) есебімен жеңіске жетіп, 50 ұпаймен төртінші сатыға табан тіреді. Төртінші орын тағдыры сейсенбі күні өтетін «Қарағанды» - «Тұран» матчында шешіледі.
Сол секілді ертең «Алматыны» жеңсе, «Берел» де үшінші орында тұрған «Қуанышқа» бәрібір жеткізбейді. Сөйтіп «Жетісумен» бірге жартылай финалға бірден жолдама алады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында «Жетісу» жартылай финалға жолдама алғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).