АСТАНА. KAZINFORM – Өскемен қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының финалында «Берел» мен «Жетісу» екінші кездесуін өткізді.
Бірінші ойында сербиялық Марко Гршич жаттықтыратын талдықорғандықтар 3:1 есебімен жеңіске жеткен еді. Олар бүгін ұтқан жағдайда чемпион атанатын еді.
Алаң иелері сапында алғашқы финалдық бәсекеге қатыспаған негізгі байланыстырушы, канадалық Ким Робитай қайта шықты.
Бірінші партияда Ришат Гилязутдиновтің шәкірттері 25:20 есебімен басым түсті. Екіншісінде «Жетісу» дәл сондай есеппен қарымта қайырды – 25:20. Дегенмен бұдан кейін өскемендіктер күш алып кетті – 25:21, 25:22. Қорытынды есеп – 3:1.
Волейболдан әйелдер командалары арасында Қазақстан чемпионы ертең өтетін қосымша матчта анықталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Қуаныш» клубының екінші жыл қатарынан қола жүлдегер атанғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).