АСТАНА. ҚазАқпарат - Волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасындағы ел біріншілігінде Тараз бен Хромтауда өткен екінші кіші турдан кейін бұрынғыша «Тараз» командасы жеке-дара алда келеді.
Тараздықтар өз алаңында ел чемпионы «Алматы», «Павлодар» және Өскеменнің «ШығысҚорғасынҚұрылыс» командасын жеңіп, сегіз ұпай иеленді. Сөйтіп олар ұпайларының жалпы санын 27-ге жеткізді. Алматылықтар мен өскемендіктерді тізе бүктірген «Павлодар» 20 ұпаймен екінші орынға жайғасты. Хромтауда барлық үш команданы да ұтып, сегіз ұпайды өз есебіне жазған «ТНК «Казхром» клубы барлығы 17 ұпаймен үшінші орынға көтерілді. «Алматы» мен «Атырау» 15 ұпаймен төртінші-бесінші орындарды бөліссе, бұл кіші турда тек «Есілді» ғана ұтқан «Конденсат-Жайықмұнай» 14 ұпаймен алтыншы сатыда келеді.
Келесі, екінші үлкен тур ойындары Павлодар қаласында 8-13 қаңтар аралығында өтіп, онда барлық сегіз команда бас қосады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).