Волейбол: Хромтауда Қазақстан кубогының ширек финалдық ойындары өтіп жатыр

АЛМАТЫ. Қазанның 14-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Кеше Хромтау қаласында волейболдан ерлер командалары арасында Қазақстан кубогының ширек финалдық ойындары басталды.

Алғашқы ойында жарыс қожайындары «Казхром» Павлодар облысының "Ертіс-АО АК" командасын және Оралдың «Конденсаты» Астананың «Ұшқынын» (3:0) ойсырата ұтты. Өзге кездесулерде өскемендіктердің "Шығыс-Қорғасын-Құрылысы" семейлік құрдастарынан басым түссе (3:1), атыраулықтар Қызылжардың "Есіліне" 2:3 есебімен есе жіберді. Бүгін енді павлодарлықтар астананалық, семейліктер оралдық, қызылжарлықтар өскемендік, ал хромтаулықтар атыраулықтармен сынға түскелі отыр. Жалпы, қазанның 20-сына дейін созылатын бұл дүбірлі додада үздік шыққан 4 команда жарыстың келесі кезеңіне жолдама алатын болады.